БЖЗҚ өзекті сауалдарға жауап береді.

1. Қайырлы күн, қазір бүкіл әлем бойынша коронавирус пандемиясы өршіп тұр. Мен мейрамхана саласында жұмыс істеймін, бізді карантинге байланысты ақысыз демалысқа жіберді. Өкінішке орай, көпшілік сияқты біздің де ақшамыз таусылды, ал азық-түлік күн сайын қымбаттап жатыр. Менің БЖЗҚ-дағы шотымда 200 мың теңге көлемінде шағын ақшам бар, мен оны зейнетке шыққанға дейін мерзімінен бұрын ала алам ба?

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражатыңызды мерзімінен бұрын алу мүмкін емес. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жеке тұлғалардың зейнетақы активтеріне құқығы заттық құқықтар қатарына жатады және тек Заңда айқындалған мақсаттарға, соның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға пайдаланылуы мүмкін.
Осылайша БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығына БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар төмендегі адамдар ие:
1) зейнет жасына толғанда, ерлер 63 жасқа, әйелдер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 59,5 жасқа толғанда. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жас, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жас, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жас, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жас, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жас, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жас, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 63 жас;
2) зейнетақы жинақтары ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемін қамтамасыз ету үшін жеткілікті болған кезде сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасау жолымен ерлер – 55 жасқа және әйелдер 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 51,5 жасқа толғанда;
3) егер мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленсе, бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектер;
4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар.
БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жоғарыда көрсетілген жағдайларда ғана жүзеге асыруға құқылы.
Есіңізге сала кетейік, төтенше жағдай кезеңінде табысынан айрылған азаматтар, атап айтсақ, еңбекақысы сақталмаған мәжбүрлі демалысқа шығумен байланысты Сіздің жағдайыңызда, төлемдер Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) беріледі. Бір қызметкерге төленетін әлеуметтік төлем мөлшері бір ең төменгі жалақыны немесе айына 42,5 мың теңгені құрайды. Толығырақ Сіз egov.kz электрондық үкімет порталынан не https://42500.enbek.kz сайтынан біле аласыз.

2. Анам 54 жаста, ол ресми түрде жұмыс істемейді, тек өзі тіккен бұйымдарын сатумен айналысады. Біз, балалары, ол кісіге ақша жағынан көмегімізді беріп отырамыз, бірақ анам еңбек өтілінің өте аз болғаны үшін алаңдайды. Болашақта базалық зейнетақы мен БЖЗҚ-дан берілетін төлемдерді алу үшін ол кісіге зейнетке шыққанға дейін еңбек өтілін қалай көбейтуге болады? БЖТ төлеу жеткілікті ме?

Иә, Сіздің жағдайыңызда Бірыңғай жиынтық төлем жақсы шешім. БЖТ төлеу үшін салық органдарына тіркелудің қажеті жоқ, тек бірыңғай жиынтық төлемнің белгіленген сомасын төлеу қажет. Ай сайынғы бірыңғай жиынтық төлем мөлшері республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК (2651 теңге.), басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін – 0,5 АЕК (1325.5 теңге.). Төлем екінші деңгейдегі банктер арқылы Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) шотына бір сомамен жүзеге асырылады. Төлем жасау үшін банкте ағымдағы шот ашу талап етілмейді. Бірыңғай жиынтық төлем сомасын Мемлекеттік корпорация мынадай пропорцияда бөледі: 10% – жеке табыс салығы (ЖТС); 20 % – әлеуметтік аударымдар (ӘА); 30 % – міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ); 40 % – міндетті медициналық сақтандыруға аударымдар (МӘМС). Зейнеткерлік жасқа толған адамдар үшін төлемнің барлық сомасы жеке табыс салығы болып танылады, әлеуметтік төлемдерге бөлу жүргізілмейді.
Осылайша БЖТ жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысуға және зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі мен қалыптастырған жинақ көлеміне қарай зейнетақы төлемін алуға құқық береді. Яғни, анаңыз расталған еңбек өтілі бойынша базалық зейнетақы алу мүмкіндігіне ие болады. Бұған қоса БЖТ төленгеннен кейін анаңыз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болады және медициналық мекемені таңдау құқығымен сомасы мен түрлері бойынша шектеусіз медициналық қызметтерге қол жеткізеді, сондай-ақ ол еңбек ету қабілетінен, жұмысынан, асыраушысынан айырылған және заңда көзделген басқа да жағдайларда әлеуметтік төлемдерді ала алады.
Сонымен қатар келешекте лайықты зейнетақы алуды қамтамасыз ету және анаңыздың зейнетақы шотын толықтыру үшін Сіз немесе анаңыз ерікті зейнетақы жарналары аударымдарын жасап отырсаңыздар болады. Жарна мөлшері мен ЕЗЖ төлеу кезеңділігін, сондай-ақ ЕЗЖ төлеу құқығы туындаған кезде жинақталған зейнетақы қаражатын алу тәртібін өзіңіз белгілейсіз. Ерікті зейнетақы жарналарын төлеуді өз еркіңізбен жүзеге асыруыңыз керек. Ол үшін БЖЗҚ-мен шарт жасап, БЖЗҚ-ға ерікті аударымдарды Шартта көрсетілген банк деректемелері бойынша аудару қажет. Ыңғайлы болу үшін БЖЗҚ сайтында ЭЦҚ-ның өзекті кілті арқылы ерікті зейнетақы шотын ашу бойынша онлайн қызмет іске асырылды. Сонымен қатар ЕЗЖ-ны банктік сервистер – Kaspi.kz қосымшасы, Halyk Bank терминалдары арқылы төлеуге болады. Нәтижесінде ЕЗЖ анаңыз үшін базалық зейнетақыға тамаша қосымша төлем болуы мүмкін.

3. Сәлеметсіз бе, біз қала үлгісіндегі шағын кентте тұрамыз. Бұрын әкем жеке шотынан үзінді көшірме алу үшін БЖЗҚ филиалына өзі баратын. Қазір біздің елде ғана емес, бүкіл әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты ол кісі сіздердің бөлімшелеріңізге бара алмайды. Зейнетақы шотына аударылған түсімдерді үйден шықпай-ақ қалай бақылап отыруға болады?

Сіз БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотыңыздағы қаражат қозғалысын үйден шықпай-ақ, өзіңізге ең ыңғайлы әдісті таңдап, оп-оңай қадағалай аласыз. Үзінді көшірме алудың ең жылдам жолы – электрондық тәсіл. Үзінді көшірмені enpf.kz сайтындағы жеке кабинет немесе egov.kz. электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады. Оған кіру үшін сайтқа тіркеліп, өз деректеріңіз бен пароліңізді енгізу немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалану жеткілікті. ЭЦҚ-ны egov.kz порталынан онлайн алу мүмкіндігі де жасалған.
Сіз смартфондар мен планшеттерге арналған жаңартылған ұялы қосымшаны да пайдалансаңыз болады. Ұялы қосымшаға тіркелу үшін пайдаланушы ұялы телефонына смс-хабарламамен жіберілетін біржолғы парольді қолданады. Ұялы қосымшада авторланудың екі түрлі тәсілі бар: ЖСН мен парольді енгізу немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану. Сондай-ақ пайдаланушы ұялы құрылғысында бар болса, Android үшін Touch ID және IOS үшін Face ID мен IOS арқылы кіре алады.
БЖЗҚ сайты мен ұялы қосымшада Сіз жеке зейнетақы шотыңыздан үзінді көшірме ғана алып қоймай, сонымен қатар зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштермен танысып, «БЖЗҚ» АҚ-ның барлық филиалдары мен қызмет көрсету орталықтарының соңғы жаңалықтарын, мекенжайлары мен байланыстарын көре аласыз, болжамды зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыңызды есептеп, ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап беретін онлайн-ботқа сұрақ қою және тағы басқа көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізе аласыз.
4. Сәлеметсіздер ме, менің есімім Николай, жасым 61-де, яғни зейнеталды жастағы адаммын. Жақында жұмыста сөгіс алдым және бастығыммен дауыс көтеруге дейін барған кикілжің орын алды. Ол маған жұмыстан босатып қана қоймай, зейнетақы шотыма салынған қаражатымды да шешіп алатыны туралы айтып, қорқытпақшы болды. Менің зейнетақы жинағымның жай-күйі туралы үзінді көшірмені менен басқа кім көре алады, түсіндіріп беріңізші!?
Уайымдауға еш негіз жоқ, себебі, салымшылардың жеке зейнетақы шоттарындағы ақша қалдықтары мен олардың қозғалысы туралы мәлімет зейнетақы жинақтарының құпиясы болып табылады. Сіздің бастығыңыз Сіздің орныңызға жеке зейнетақы шотыңыздан үзінді көшірмені ала алмайды. Кез келген үшінші тұлғаға ақпарат беру тек нотариалды куәландырылған сенімхат немесе сот шешімі болған кезде ғана мүмкін. Ал Сіздің жеке зейнетақы шотыңыздан ақша шешіп алу тіпті де мүмкін емес, себебі оған жарналар Сіздің жалақыңыздан аударылады және жинақ Сіздің жеке меншігіңіз болып есептеледі, оны тек өзіңіз заңда көзделген жағдайларда ғана пайдалана аласыз.
5. Аз уақыт бұрын әжеміз өмірден озды. Жерлеу рәсімін өткізгеннен кейін біздің есімізге БЖЗҚ-да әжемнің зейнетақы шоты бар екені түсті. Ол кісінің шотында қалған қаражаты туралы үзінді көшірмені қалай алсақ болады? Мен немересімін.
Салымшы немесе алушы қайтыс болған жағдайда жеке зейнетақы шотының болуы, ондағы ақша қалдығы мен қозғалысы туралы анықтамалар заң немесе өсиетте көрсетілген мұраға құқық туралы куәлікке сәйкес мұрагер болып табылатын тұлғаларға немесе соттарға олардың өндірісіндегі мұрагерлік істер бойынша ұйғарым негізінде жазбаша сұраныс бойынша берілетіндігін ескерткіміз келеді. Бұдан бөлек, жеке зейнетақы шотының болуы, ондағы ақша қалдықтары және қозғалысы туралы анықтамалар, салымшы немесе алушы қайтыс болған жағдайда, нотариустарға және шетелдік консулдық мекемелерге олардың жүргізуіндегі мұрагерлік істер бойынша беріледі.
Сонымен қатар алушы, сондай-ақ БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар, зейнеткерлік жасқа толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген 52,4 еселенген айлық есептік көрсеткіш, бірақ жеке зейнетақы шотындағы қаражаттан аспайтын мөлшердегі (2020 жылы 1 АЕК 2 651 теңгеге тең, тиісінше, жерлеуге берілетін біржолғы төлем 138 912 теңгені құрайды) жерлеуге берілетін біржолғы төлем жүзеге асырылады. Егер жерлеуге берілетін біржолғы төлем жүзеге асырылғаннан кейін алушының жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын соманы құрайтын болса, бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде төленеді.
Зейнетақы жинақтары өсиет немесе заң бойынша мұраға қалдырылады. Өсиет мүлде болмаған не ол мұраның тағдырын толық айқындай алмайтын, сондай-ақ азаматтық заңнамада белгіленген өзге де жағдайларда заң бойынша мұрагерлік ресімделеді.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 6-бөліміне (мұрагерлік құқық) сәйкес мұраны қабылдау мұра ашылған жердегi нотариусқа немесе заңға сәйкес мұра алу құқығы туралы куәлiктi беруге уәкiлеттi лауазымды адамға мұрагердiң мұраны қабылдау туралы өтiнiшiн не мұрагердiң мұраға құқық туралы куәлiк беру туралы өтiнiшiн беру арқылы жүзеге асырылады. Мұра мұраның ашылу күнінен бастап алты ай ішінде, яғни мұра қалдырушы қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде қабылдануы мүмкін.
Қажетті құжаттардың тізбесі беру тәсіліне қарай БЖЗҚ-ның https://www.enpf.kz/ru/services/recipient/heir.php сайтында орналастырылған.